+7(707) 37 19 019
Меню

БАЛАЛАР - БОЛАШАҒЫМЫЗ!

...

БОЛАШАҚ ҰРПАҒЫМЫЗ ҮШІН 5 МИНУТЫҢЫЗДЫ БӨЛІП, СОҢЫНА ДЕЙІН ОҚЫП ШЫҒУЫҢЫЗДЫ СҰРАЙМЫН!
Қазіргі таңда бала тәрбиесіне көңіліңіз тола ма? Болашағымыз - балаларымызды дұрыс тәрбиелей алып жүрміз бе? Балаларымыздың тәрбиесіне жеткілікті көңіл бөлудеміз бе? Бұл сұрақтарға өзіңіз іштей ойланып, жауап беріп көріңіз. Ал, мен өзімнің тәжірибем бойынша түйген бірнеше ой-пікірімді сізбен бөлісіп көрейін.
Біздің қоғамда ата-аналардан «бала тәрбиесі дегенді қалай түсінесіз?» деп сұрасаңыз, көбінен «қарны тоқ, көйлегі көк, ел қатарлы өмір сүріп жатыр, басқа не керек?» деген жауап естисіз. Яғни, біз балаларымыздың жағдайын жасап, өз ортасында ұялмай жүре алуы үшін барымызды саламыз. Жағдайымыз қатты мәз болмаса да, «балам мұңаймасын» деп қалаған телефонын да алып беруге дайынбыз. Тіпті, көптеген ата-аналардан «соңғы киімімді сатсам да сені оқытамын, қатарыңнан қалдырмаймын» деген сөзді естисіз. Керемет, қуантарлық жағдай. Дегенмен де, балаларымыз өсе келе күткен нәрсемізді ала алмай дел-сал боламыз. «Балам үмітімді ақтамады, мені жерге қаратты» деп реніш білдіреміз. Әсіресе, өтпелі кезеңге келген кезде балаларымызға сөз өткізе алмай, оны түсіне алмай, тіпті оны тани алмай шарасыз күй кешеміз. Неге? Кеше ғана қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай мәпелеп өсірген балапанымыз қалай ғана бүгін «бөтенімізге» айналды? Міне, осы сұрақтар көбімізді мазалайды деп ойлаймын. Бұл жағдайдың басты себептерінің бірі – бала тәрбиесі ұғымын қате түсінуіміз. Яғни, біз ата-аналық борышымызды тек қана баланың материалдық қажеттіліктерін қамтамыз етумен шектейміз. Баланың ішкі жан дүниесімен, сезімдерімен санаспаймыз. Баланы жеке тұлға ретінде қабылдап, өзіне тән өмірі бар екенін ескермегендіктен, уақыт өте келе «тәрбие жүйеміз» сыр бере бастайды. Қоғамда жиі айтылатын «бала ғой, не түсінеді дейсің?» секілді сөздер жоғарыда айтып өткен пікірімді дәлелдей түсері анық. Баламыздың ішкі жан дүниесіне көңіл бөлмегендіктен, сезімдері жараланып, бізбен байланысы әлсірей бастайды. Яғни, балаларымыз қоғамда қалыптасқан қате ұғымдардың құрбанына айналып жатады. Негізінде, біз дұрыс деп ойлайтын, бірақ педагогикалық тұрғыдан, баланың сезімдері тұрғысынан бұрыс болып есептелетін әрекеттер, түсініктер баршылық. Сол қате ұғымдардың ара-жігін ажыратып, педагогикаға сай, дұрыс тәрбие жүйемізді қалыптастыра алуымыз үшін «жаттанды» ата-ана түсінігінен бас тартып, саналы түрде ата-ана бола алу «өнерін» игеруіміз қажет. Бұл өнерді игеру үшін барлық мүмкіндікті толық қолдануымыз керек. Ең бастысы, ауруымызды жасырмай, ем іздеп, шара қолданғанымыз жөн. Тіпті, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағиданы ұстансақ нұр үстіне нұр болар еді.
Дегенмен де, ата-ана бола алу өнерін тек қана өзіңіз игеруіңіз немесе тек қана өз балаңызды керемет қылып тәрбиелеуіңіз жеткіліксіз. Өйткені, біз өмір сүріп жатқан қоғам мен сол қоғамның адамдары да өте маңызды, олармен де санасуымыз керек. Оларды да ата-ана бола алу өнерін игеруге және баласын ұлттық құндылықтарымызбен тәрбиелеуге шақыруымыз қажет. Сондықтан да, бала тәрбиесіне байланысты қандай да бір керемет қазына тапсаңыз, оны дереу айналаңыздағылармен, таныс-туыстарыңызбен бөліскеніңіз жөн. Мүмкіндік болса, оларды да ізденіске, саналы әрекетке баулығаныңыз жөн.
Осы орайда біздің «Бақытты отбасы» отбасылық кеңес орталығымыздың арнайы жобаларын сіздермен бөлісуді жөн көріп отырмын. Бала тәрбиесіне өз үлесімізді қосу мақсатында басталған «күнделікті телеграм кеңестеріміз» әрбір ата-ана мен болашақ ата-аналардың ажырамас бөлшегіне айналуы тиіс деп ойлаймын. Күн сайын бала тәрбиесіне байланысты бір кеңес келіп отырса, балаңызбен қарыс-қатынасыңызды реттеуде айтарлықтай көмегін тигізері анық. Сонымен қатар, орталығымыз тарапынан ұйымдастырылып жүрген семинарлардың да рөлі ерекше. Әр ата-ана мен болашақ ата-аналар жаңсық түсініктерден арылып, саналы әрекеттің белгісі ретінде семинарларға белсенді түрде қатысса дер едім.
Ойымды жинақтап, сөзімді қорытындылар болсам, балаларымыз - ертең оратын егісіміз, жинайтын жемісіміз екенін ұмытпайық! Егер ертең өкінгіңіз келмесе, бүгін балаларыңызға ерекше көңіл бөлуге шақырамын!

Елжас Ертайұлы
«Бақытты отбасы» отбасылық кеңес орталығының құрушысы.



192    18-04-2017


ЕЛЖАС ЕРТАЙҰЛЫ

...

Елжас Ертайұлы 1984 жылы 30 маусымда Алматы қаласында дүниеге келген. Балалық шағы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Шырғанақ ауылында өтті. Алғаш мектеп табалдырығын Шырғанақ орта мектебінде аттады. Шырғанақ орта мектебінде 6 жыл оқығаннан кейін 7-сыныптан бастап Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласындағы А.Мәлкеев атындағы дарында балаларға арналған мектеп-интернатында білімін жалғастырды. Мектепті қызыл аттестатқа тәмамдаған Елжас Ертайұлы Республикалық пән олимпаидаларының облыстық кезеңінің үш дүркін жеңімпазы.

Университетті Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде оқыды. Студенттік өмірінде педагогикалық тәжірибе жинақтау мақсатында өзі оқыған лицейде 4 жыл практикант-тәрбиешілік қызметін атқарды. 4 жыл көлемінде 7-11 сынып оқушыларымен және олардың ата-аналарымен тығыз жұмыс істеуі алдағы өмірінде айтарлықтай көмегін тигізді.

2006 жылы университетті аяқтағаннан кейін педагогикалық өміріне алғашқы қадамын жасады. Педагогикалық өмірін Қостанай облысы, Қостанай қаласындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында бастады. Қостанайдағы педагогикалық өмірі айтарлықтай жеміске толы болды деуге болады. Дайындаған оқушылары Республикалық, Халықаралық олимпиадаларда жүлделі орындар алды. Еңбегін ескерген облыс әкімі Сергей Кулагин арнайы алғыс хат табыстап, марапаттады.

2011 жылы магистратураны аяқтады.

Қостанайда 2006-2011 жж. аралығында 5 жыл қызмет атқарғаннан кейін Астана қаласында жеке білім беру орталығында қызметін жалғастырды.

2014 жылы өзі жеке кәсібін бастады. Алғаш бастаған кәсібі - "Жас Маман" білім арттыру және маман жетілдіру орталығы. 2015 жылы бағытын сәл өзгертіп, "ЖасКО" жастарға кеңес орталығының негізін қалады.

2015 жылы "ЖасКО" жастарға кеңес орталығының бөлімшесі ретінде ашылған "Бақытты отбасы" отбасылық кеңес орталығында отбасылық кеңесші ретінде жұмыс істей бастады. Қазіргі таңда отбасылық кеңестер беру, арнайы семинар-тренингтер өткізумен шұғылданып келеді.

Қазақстанның 13 қаласында 200-ден астам семинар өткізді. Тек қана қалалы жерлерде емес аудан орталықтары мен ауылдық округтерде де семинар өткізді.

2017 жылдың отбасы күніне орай ҚР Бас Прокуратурасымен бірге еліміздің прокурорларына арнап семинар өткізді.

"Хабар" арнасындағы "Жаңа күн" бағдарламасының тұрақты сарапшысы. Ұлттық арнадағы "Ене мен келін" реалити шоуында қазылар алқасында болды. Сонымен қатар, "Айтуға оңай", "Пендеміз ғой" секілді бағдарламаларда да сарапшы болды.

2017 жылдың қазан айында ҚР Бас Прокуратурасының жанындағы құқық қорғау органдары академиясының шешімімен "Халықаралық байқаулар лауреаты" төс белгісімен марапатталды.

Үйленген, екі баланың әкесі.

6381    08-11-2017