+7(707) 37 19 019
Меню

ҚОШ БОЛ, 2017 !!!

...



Осыдан бір жыл бұрын 2016 жылдың есебін дайындап отырғаным есімде. Міне, көзді ашып-жұмғанша, 2017 жыл аяқталып, 2018 жыл есік қағып тұр. Әрі жеке басым, әрі «Бақытты отбасы» отбасылық кеңес орталығы ретінде 2017 жылды қорытындылауды, өз оқырмандарымызға шағын «есеп беруді» жөн көрдік.

«Бақытты отбасы» отбасылық кеңес орталығы 2015 жылдың басында жұмыс істей бастағанымен 2016 жылдың тамыз айында халық алдына шығып, семинар бере бастады. 2016 жылдың 5 айында 7 қалада 45 семинар өткізсек, қазір семинар өткізген қалалар саны 15-ке көтерілді. 2017 жылы 170 семинар өткіздік. Семинарларымызға жалпы саны 3588 адам қатысқан екен. Орташа есепке шаққанда әр семинарға 22 адам. (2016 жылмен салыстырғанда 40% өскен) Иә, аз болып көрінеді. Дегенмен де, енді ғана бастағанымызды және соңғы айларда қатысушылардың көбейе бастағанын ескерсек, «жақсы» деген баға беруге болады деп ойлаймыз.

«Бақытты отбасы» отбасылық кеңес орталығы 30-маусым 2016 «Күнделікті What`s app кеңестері» әлеуметтік жобасын бастаған еді. Жоба аясында жар таңдау, жұбайлар арасы қарым-қатынас, отбасылық құндылықтар және бала тәрбиесі секілді тақырыптарда күнделікті тегін кеңестер таратылуда. Жобаның ең тартымды жағы – оқырмандарымыз өздерін мазалап жүрген сұрақтарын жеке сұрай алуы. Бұл конференция емес, кеңестер әр оқырманға жеке барады. Басталғанына 1,5 жылдай аз уақыт болғанына қарамастан, қазіргі таңда, 4000-нан астам оқырманы бар. Оқырмандарымыздың қызығушылығы өте жоғарғы деңгейде.

Сонымен қатар, Телеграмда да өз каналдарымызды аштық. Телеграмда үш каналымыз бар: «Бойдақтар ортасы», «Бақытты отбасы», «Бақытты бала». Сізді де қосылуға шақырамыз!

Оқырмандарымыздың сұрауымен ашылған «Бақытты отбасы кітапханасы» жобасына да 6 ай уақыт болыпты. Бұл біз ұсынатын кітаптар тізімі. Қазіргі таңда біздің кітапханамызда 200-ден астам кітаптың түрі бар. Біз кітаптарды ұсынып қана қоймаймыз, сонымен қатар үйлеріне жеткізіп беру қызметін де ұсынамыз. Қазірге дейін Қазақстанның түкпіріндегі ауылды жерлерге дейін кітаптар жеткізіп келдік. Сонымен қатар, семинарларымызға қатысушылар да қалаған кітабын таңдап алу мүмкіндігіне ие болуда.

«Елжас Ертайұлы» деп аталатын өзімнің жеке YouTube каналымда телеканалдарда берген сұхбаттарымды, Инстаграмда тікелей эфирде сұрақтарға жауап берген видео кеңестерімді және арнайы тақырып бойынша түсірілген видео кеңестерімді тарата бастадым. Қазірге дейін жалпы 68 жүктеліпті. Осы видеоларымыз 45 212 ретте 119 965 минут көріліпті. 2498 адам ұнатса, 36 адам ұнатпапты. 165 адам өз ойын білдіріп, пікір қалдырыпты. Видеоларымыз 1286 рет бөлісіліпті. Көрушілердің 42 пайызы ер, 58 пайызы әйел екенін де айта кетейік. Каналымызға жазылған тұрақты көрермен саны – 1075.

«Бақытты отбасы» отбасылық кеңес орталығының әлеуметтік желі парақшалары да белсенді қызмет атқарды деуге болады. Сондықтан да, олар жайында айтпай кетсек болмас. Қазіргі таңда, белсенділер төрінен теуіп орын алған Инстаграм желісінен бастайық. Инстаграмда оқырман саны – 19040. Оқырмандарымыздың 71 пайызы әйел адам болса, 29 пайызы ғана ерлер. Жас ерекшелігіне келер болсақ, басым бөлігін 25-34 жас аралығы құрайды. Жалпы оқырмандарымыздың 49 пайызы 18-34 жас аралығындағылар екенін байқауға болады. Қалаларға бөліп қарасақ, Алматылықтар саны айтарлықтай басым (26 пайызға жақын). Фейсбектегі оқырман саны – 5000 болса, Вконтакте желісінде – 9224. Ең аз оқырман Твиттерде – 379 оқырман.

Қысқа қайырғандағы біздің 1 жылдық есебіміз осы деуге болады. Алдағы 2018 жылға арналған ауқымды жобаларымыз бен дайындап отырған тосын сыйларымыз бар. Оны жақын арада жариялаймыз.

Жаңа жылда баршаңызға бақ-береке, бақыт, зор денсаулық тілеймін! Бақытты отбасыларымыз көп болсын!

ҚОШ БОЛ, 2017 !!!

Ізгі тілекпен, отбасылық кеңесші, тәжірибелі кеңесші, коуч-тренер ЕЛЖАС ЕРТАЙҰЛЫ.



1254 рет оқылды    31-12-2017