+7(707) 37 19 019
Меню

1-МАУСЫМ МЕЙРАМ БА НЕМЕСЕ МЕН НЕГЕ БҰЛ КҮНДІ ТОЙЛАМАЙМЫН?

...

Бүгін Халықаралық балаларды ҚОРҒАУ КҮНІ. Иә, бүгін балалар күні емес, балаларды ҚОРҒАУ КҮНІ. Бұл шешім 1949 жылы қабылданып, 1950 жылдан бастап атап өтіле бастаған.

Бүгінгі таңда бізді ойландыруы керек ең басты сұрақ «Кімнен қорғаймыз?» болуы керек деп ойлаймын. Мен де өз тәжірибем мен естіп-көргендеріме сүйене отырып, осы сұраққа жауап іздеп көрдім. Келіңіз, бірге қарап шығайық:

1. Өзінің туған ата-анасынан қорғау күні.

Бұл ойым сізге ұнамауы мүмкін немесе таңданыспен оқып отырған шығарсыз. Бірақ, бұл шындық. Өйткені, қазіргі таңда өз ата-анасынан жәбір көріп отырған балалар саны аз емес. Бұл жайында жан-жағымыздан көріп, жаңалықтардан оқып та жатырмыз. Бұл айтқаным физикалық жәбір ғана. Бұған қоса сезімтал немесе психологиялық қысым көрушілер қаншама.
Ата-анасының білімсіздігінен немесе әлсіздігінен болашағына балта шабылып, өз қабілеттерінен айрылып, тұлға бола алу мүмкіндігін жоғалтып алған балаларды да қорғалуы керек балалар қатарына қосып қойсаңыз болады. Яғни, баласының жанын түсіне алмайтын селқос, сезімсіз ата-аналардан қорғау күні.
Сонымен қатар, дүниеге енді ғана келген сәбиін туалеттің тесігіне тастап кеткен «аналардан» қорғау күні... Өзінің ләззатын ойлап, басқа әйелдердің жетегінде кетіп, баласын тентіреткен «эгоист әкелерден» қорғау күні...

2. Жақын туыстарынан қорғау күні.

Балаға тек қана ата-анасы емес, оның жақын туыстары да әсер ететінін ескерер болсақ, кейде балаларды олардан да қорғау керек болады. Өйткені, маған кеңеске келгендердің шағымына сүйенер болсам, теледидар көруіне кедергі келтіргені үшін немерелеріне түрлі қысым жасайтын немесе өз әке-шешесіне қарсы тәрбиелейтін ата-әжелерді кездестіреміз. Тіпті, кейде қырсығып, ата-анасының үйреткендеріне қарсы нәрселер үйрететін «жақындарды» ойлаған кезде бұл топтағылардан қорғаудың да қаншалықты маңызды екеніне көздеріңіз жетеді деп ойлаймын. Негізі бұл жерде зардап шегуші әке-шеше емес, бала. Себебі, бұл екі жақты әрекеттердің бәрі баланың мінезінің қалыптасуына кері әсер етіп, үлкендерге деген сенімінің жоғалуына алып барады.

3. Тәрбиешілерінен қорғау күні.

Баланың өмірге деген көзқарасы қалыптасып, айналасын танып келе жатқан осы бір кезеңдегі тәрбиешілердің рөлі өте зор. Егер тәрбиешілеріміз өзінің жан рахатын ойлап, баланың еркін дамуына кедергі келтірер болса немесе оған жетекшілік жасап, көкжиегін кеңейтудің орнына мультфильммен баланы алдауға тырысар болса, онда бұл тәрбиешілерден де балаларды қорғауымыз керек.

Сонымен қатар, балалардың болмысына кері әсер ететін жазалар беруші «сезімсіз тәрбиешілерден» қорғау күні.

4. Ұстаздардан қорғау күні.

Мамандығы бойынша педагог болса да өзі педагогикаға қайшы әрекет ететін кейбір ұстаздардан қорғау күні.

Айтқан сөзі мен істеген ісі бір-біріне қайшы келетін ұстаздардан балаларды қорғау күні.

Балаға айғайлап, ұстаздың аузына жараспайтын түрлі сөздермен балағаттайтын немесе сыныптың алдында баланы жазалап, оның болмысын зақымдайтын ұстаздардан қорғау күні.

Баланың қалыптасуына ата-анадан кейін ең көп әсер ететін кісі ұстазы. Егер ұстаз өзінің тұрмыстық проблемаларынан аса алмай, балаға ұстыздық мейірімін көрсете алмаса, баланың дамуына кері әсер етері сөзсіз.

Байқағаным, кейбір ұстаздар өз сабағын балаға қалай жеткізуді керемет білсе де, баламен дұрыс қарым-қатынас орнатуды біле бермейді екен. Міне, осы ұстаздардан балаларды қорғауымыз керек.

5. Дәрігерлерден қорғау күні.

Бала дүниеге келер алдында немесе дүниеге келу кезеңінді өз жұмысына селқос қарап, жауапкершілігін толық атқармаған, антына адал бола алмаған кейбір «дәрігерлерден» қорғау күні.

Алдына ауырып келген балаға емдік дәрілер жазу барысында баланы емес, өзін ойлап, қажетінен тыс дәрілермен баланы улап жүрген кейбір «дәрігерлерден» қорғау күні.

Бала бізден қорқуы керек деп суық қабақ танытып, баланың өмір бойы дәрігерді ұнатпай, өз денсаулығына немқұрайды қарауына себеп болған «суық» дәрігерлерден қорғау күні.

6. Өз баласын ғана ойлайтын айналамыздағы эгоист адамдардан қорғау күні. Бұл жерде не айтқым келгенін баласын аулада ойнататын ата-аналар түсінді деп ойлаймын.

7. Баланы табыс көзіне айналдырға орган мафиясынан қорғау күні.

8. Әуелі ауруды таратып, артынан емін сататын дәрі-дәрмек мафиясынан қорғау күні.

9. Тән ләззатын қанағаттандыруды ойлайтын, рухани ауруға шалдыққан педофильдерден қорғау күні.

Бүгінгі күн мейрам емес, адам баласына маңдайына жазылған қара күйе, «адам» деген атымыздың кірленуі. Адами құндылықтардын қаншалықты алыстап бара жатқанымыздың көрінісі. Сонымен, не істейміз бір-бірімізді құттықтауды ары қарай жалғастырамыз ба, әлде ойланамыз ба?

Ізгі ниетпен, отбасылық кеңесші, тәжірибелі педагог, коуч-тренер ЕЛЖАС ЕРТАЙҰЛЫ.



3993 рет оқылды    01-06-2018