+7(707) 37 19 019
Меню

Құдаласып қойған жігітімен жүргеннің өзі «қылмыс» еді

...

«Вообще то өзім білем» деп бір бойжеткен айқай салды. Не дерімді білмей қалдым. Ел ағасы жасына жеткен мына түрімізге мән бермеген бойжеткеннің зекігеніне қарап қалыппын. Не дейін? Өзімнің қызым болса бір сәрі, елдің баласы… Азып бара жатқан елдің баласы…

Бұл оқиға автобустың ішінен басталды. Дәл қызым сияқты жастағы бір бойжеткен телефонмен сөйлесіп тұр. Қатты емес, бірақ жанында отырған мына маған естілетіндей дәрежеде. Жігіті болса керек, сызылып тұр. Бір кезде өз құлағыма сенбестей сөздер естідім. «Да, окей, кешке барам, бірақ қорқамын, я раньше не была с парнем» дейді. Мәссаған. Нені меңзеп тұрғаны шамалы түсінікті. Бірақ сенгім келмеді. Әлі балғын ғой, бала ғой… Сәлден соң жігітімен қоштасып, басқа біреуге телефон шалуға кірісті. Құрбысы екен. Енді құрбысына жігітімен болған әңгімені мазмұндап, мақтанып тұр. Көзім жетті…

Бес-алты аялдамадан кейін түсемін ғой елдің қызында нем бар деп, араласпай-ақ қояйын деп шештім. Бірақ «біз айтпасақ кім айтады» деп ой тағы мазалады. Сонымен әлгі қызға тіл қаттым. Менің бірнәрсе сұрайын деп тұрғанымды түсінді де, лезде құрбысымен қоштасып, телефонын қойды. «Ау, аға» деді. «Қатты айтсам ренжіме. Менде де сен сияқты қызым бар. Жаңа ғана әңгімеңді мына жұрт еріксіз тыңдады. Өзің жас екенсің, алды-артыңды ойлап іс істерсің. Ертең біреудің босағасын аттайсың…» деп бар ақылымды айта бергенім сол-ақ еді, «Шатағыңыз болмасын» деп дүмп еткізді. «Жоқ қызым тыңдашы мені» дей бастап едім. «Вообще то өзім білем» деді. Амал жоқ, тоқтадым…

Есімен еріксіз бала кезім түсті. Ондағы үлкендерден именетін ауылдың қыздары!.. Ауылындағы ақсақалдың бәрінен өз атасындай, кемпірлердің бәрінен өз анасындай именуші еді. Тіпті құдаласып қойған жігітімен бірге жүргенін көріп қалсаң қылмыс өткізгендей қысылып қызарушы еді… Ол қайдағы біреу емес, өзінің болашақ жары ғой. Сондада солай істеуші еді. Өйткені, әлі неке қиылған жоқ қой. Олардың иман, ұяты осындай биік еді…

Бүгінгі жастардың жоғарыдағыдай «өзім білемдікке» салынуы алаңдатады. Әрқашан білмегенімізді білгенімізден сұрап, жасы үлкен адамдардың ақылын тыңдап жүретін едік. Бүгінгі «білуші» – теледидар, «ақылшы» – интернет жастарды өз білермендіне тәрбиелеп бар жатқандай. Осы білермендік ертеңгі күні ұлтымыздың болашағына балта шаппаса игі еді.

Бек Ғалым
namys.kz



2443 рет оқылды    08-09-2017